Хиджабтағы 👑 ханшайым
Хиджаб – ұлттық емес, мұсылмандық киім
Бұқара халықтың шашын тік тұрғызатын хиджаб негізінде ұяты сақтауға арналған жамылғы, ал кей көпшілік бұл жайында адасып жүр.
Халық арасында туып жатқан өрескел дау өршімесе, басылар түрі жоқ. Бұл мәселе қыздардың тым жалаңаштанып кетуінен туындап отыр. Өйткені, жалтыраған сан мен жалбыраған шашты көріп әбден үйреніп қалған көпшілік көзі – жабылған қызды көрсе, бұзылған я уахабис деп санайды. Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады. Жер жүзінде даңдайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да, бой жағынан да тауларға жете алмайсың» (Исра, 36, 37). Санамыздың соншалық наданданғаны жартылай жалаңаш киім жақсы деп, ондай киімге ешкім таң қалмайтын болды. Керсінше, тобықты жасырып, бүркеншегін ораған қызды көрсе жын көргендей жүздері құбыла түседі. Сондағы айтатындары: «Бұл қазақтың киімі емес, ол арабтың ұлттық киімі». Осы сөзді тілге тиек еткендер қазақтың нақ ұлттық киімі қай жаста қандай болғанын және арабтардың ұлттық киімі қандай екенін сол кезеңге барып көрді ме екен деген сұрақ туындайды. Ия, әлбетте кім болса да бұл киімдерді деректер бойынша топшалап отыр. Ендеше, тарихи деректерге көз жүгіртіп көрелікші. Арабтың ұлттық киімі қандай еді, ал қазақтың киімі қандай еді? Бәрімізге белгілі ешбір ұлт қысқа киім кимеген. Қай ұлтты алып қарасақ та қысқа көйлек деген ұғымның сықырығыда естілмейді. Мәселен, корейдің ханбогі, қазақтың қос етек көйлегі сияқты басқа да қытай, жапон, франсуз, ағылшын, монғол, қырғыз, өзбек, еврей болсын, орыс ұлты болсын ұзын етекті көйлек киген. Тіпті қайбір дінді алып қарасақ та орамалсызын көрмейміз. Сол секілді араб халқы да ұзын көйлекті киген. Олар құмды шөлейтті жерде мекендегендіктен күннің ыстығы мен желдің соққысы қорғануды қажет етті. Сондықтан да әйелдері де, ерлері де бастарын орап жүрді. Дегенмен, олар қалай орады? Біз көрген хиджаб түрінде ме? Әлбетте жоқ! Олар басын күннен бүркегенімен шаштары мен мойындары ашық жүрген. Мойындарында үлкен алқалар болған. Тек ислам діні түсіп, жаулық парыз болғанда ғана шаштарын көрсетпей толық жабылған. Яғни киімдері қазіргі хиджабтың дәл өзіне айналған. Ислам діні араб халқының перзенті, ардақты пайғамбарымызға (саллалаху алейхи уассалам) түскендіктен, алдымен өз еліне бірінші тарап, алғаш сонда амалдар жасала басталды.
Аса Ұлы Алла Тағала әр нәрсені ғажайып даналықпен жаратқан. Әрбір пайдасы зор, дәрумені мол көкөніс, жеміс-жидекті түрлі қабықпен қаптаған. Мысалы, алма, банан қабығынсыз аз уақытта-ақ қарая бастаса, жүзімнің, қызанақтың жұп-жұқа қабығы болмаса, шырыны ағып, құндылығын жоғалтар еді. Сол сияқты, бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен әйел-ана да бүркенуге бұйырылған. Жаулық – әйел затының қабығы. Яғни, Аллаһ тіршіліктің негізі болған ұрпақты дүниеге әкелетін әйел-ананы да қабықпен қаптаған. Ұрпақ тәрбиесі аманат етілген әр әйел бір мектеп. Ал, әйел көркем мінез бен адамгершілік нәрін сіңірген болса, оның балалары да сол нәрмен сусындары сөзсіз. «Хиджаб» сөзі «жабылу», яғни ұятты жерлерін, зейнеттерін бөгде көздерден (ер адамдардан) сақтау, қорғау дегенді білдіріп, әйелдің Жаратушы Раббысына құлшылығының көрінісі, иманының жемісі болып табылады. Хиджаб – сыртқы зиянды факторлардан сақтайтын қорған. Соның бірі – назар. Аллаһ Елшісі бұл жөнінде: «Қабірдегілердің үштен бірі көз тию себебінен жатыр», – деген. Өйткені, көз тию бар нәрсе, одан қорғанудың бір жолы – шариғатқа сай киіну. Сондай-ақ, қасиетті Құранда: «Әй, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмин әйелдерге айт: Үстеріне бүркеншектерін орансын. Бұл олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Аллаһ аса Жарылқаушы, тым мейірімді» («Ахзап» сүресі, 59-аят). Тағы бір сүреде Аллаһ Тағала былай дейді: «Мүмін әйелдерге де айт: “(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ, ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына,мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге, немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй, мүміндер, түгел Аллаһқа тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар» (Нұр, 31).
Ал қазақтардың киімінің арабтардан өзгешелігі қос етектілігі мен бешпенті. Егер қос етекті алып тастар болсақ, қазіргі біздің ұзын юбкаларымыз болмай ма? Ал бөрік пен артқа тартылатын орамалға келсек, бөрікті балалық шағында кисе, тұрмысқа шыққанда сәукеле киілді. Оның да жаулығы бар. Ал артқа тартылатын орамал – әйел адам үйде жүргенде бөтен адам болмаған уақытта тағылған үлгісі.